«Кометрика» Astana Hub-тағы ICS Tech-те баяндама жасады

19 қарашада «Кометрика» компаниясының блокчейн құзыреттіліктері орталығының жетекшісі Николай Гюнтер «ИКС Холдинг Қазақстанның» еншілес ұйымы ICS Tech ұйымдастырған «Блокчейн технологияларын өзекті қолдану» вебинарының қонағы ретінде сөз сөйледі. Іс-шара Astana Hub халықаралық ІТ-стартаптар технологиялық паркі базасында өтті.
Николай компанияның практикалық тәжірибесімен бөлісе отырып, технологияны енгізу арқылы нақты нәтижеге қол жеткізуге болатын бизнес-процестердің бағыттары туралы әңгімелесті, сондай-ақ блокчейн базасының ерекшеліктерін де атап өтті. Одан бөлек, сарапшы блокчейн технологиясы азаматтардың мемлекетке, бизнеске және бұқаралық ақпарат құралдарына деген сенімін арттыруға әсер ететінін атап өтті. EDELMAN консалтингтік компаниясының талдаушылары азаматтардың аталмыш категорияларға деген сенім индексінің жыл сайын орта есеппен 2%-ға төмендегенін анықтаған, ал блокчейн шешімдерін енгізу арқылы бүгінде қалыптасқан жағдайға оңынан әсер етуге мүмкіндік туады. Николай «Кометрика» осы бағытта іске асырған жобаларды мысал ретінде келтірді.
«Блокчейн – барлық мәселенің шешімі емес, алайда технология шынымен қажет болған жерде және ол жалпы шешімнің бөлігі ретінде қарастырылған жағдайда біз болашақтың негізін қалай аламыз. Блокчейнді енгізудің айтарлықтай әсері сезілетін салаларға электронды дауыс беру, электронды кезектер, анықтамалар мен мәлімдемелер тізілімдері, логистикалық жүйелер, жеткізілім тізбегін қадағалау және қайырымдылық жатады».
Николай Гюнтер, «Кометрика» компаниясының Блокчейн құзыреттілік орталығының жетекшісі
ICS Tech және Astana Hub тыңдаушыларын түрлі саладағы жетекші компаниялар қызметімен және тәжірибесімен таныстыруға арналған іс-шараларды тұрақты түрде өткізіп тұрады. Қатысушылардың арасында ұлттық компаниялардың, ірі өндірістік ұйымдардың, мемлекеттік сектордың өкілдері, стартаптар мен студенттер бар. Негізгі мақсат – әлеуетті клиенттерді шешімдермен және өнімдермен таныстыру, жеке кадрларды дайындау, құзыреттілікті дамыту және қызықты стартаптарды тарту.